Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі10 сәуір 2025абай-180

УНИВЕРСИТЕТТЕГІ ӘДЕБИ-АҚПАРАТТЫҚ КҮН

Ғылым апталығында университет кітапханашылары Әдеби-ақпараттық күнінің аясында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырды. 

 

 

Абайдың 180 жылдық мерейтойына орай «Әлем таныған Абай» кітап көрмесі, дала данышпанының өмірі мен шығармашылығының негізгі кезеңдерін бейнелеген театрландырылған көрініс пен «Абай әлемі» білім мозаикасы оның мұрасын насихаттап, ұлы ақынның шығармашылығы мен қазақ мәдениетінің дамуына қосқан үлесі жайлы кең мағлұмат берді.

 

 

Қатысушылар Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығының жылжымалы көрмесінен ұлы ойшылдың үш ішекті тұмар домбырасы, қурайдан жасалған сыбызғысы мен ағаш торсығы сынды құнды жәдігерлермен танысу мүмкіндігіне ие болды.

 

 

Сонымен қатар, абайтанушы ғалым, ұстаз, ақын, жазушы, драматург Қайым Мұхамедхановтың өміріне арналған ғылыми пікірталасқа оның ұрпағы Дегдар Қайымұлы қатысып, әкесінің ғылыми көзқарастары мен әдеби зерттеулерінің өзектілігін, Абай мен оның ізбасарларының ойларын бүгінгі жастардың санасына сіңірудің маңыздылығын атап өтті.

 

 

Ал, «Руханияттағы ғұлама ғалым» ақпараттық сағаты ұлы ғалым, академик, геолог Қаныш Сәтбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналып, "Қазақтың Қанышы" кітап көрмесі ұсынылды. Геологиялық барлау колледжінің студенттері ғылыми пікірталас өткізіп, пайдалы қазбалар құпиясын ашқан әйгілі геологтың ғылыми мұрасы туралы ой бөлісті.