Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі08 сәуір 2025шәкәрім университеті

SHAKARIM UNIVERSITY: ҒЫЛЫМ МЕН ҚАМҚОРЛЫҚ ҰШТАСҚАН ОРЫН – ЖАҢА ГРУМИНГ-САЛОН

Шәкәрім университетінің Агротехнопаркі Ғылым апталығы аясында Aesculap ветеринариялық клиникасымен бірлесіп, «Күтім шебері»   груминг-салонын ашты. Салонның ашылуы салтанатына университет проректорлары, Шәкәрім Жоғары колледжінің ұжымы, студенттер мен қала тұрғындары қатысты.

  

 

Жануарлармен жұмыс істеу үшін барлық қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған заманауи груминг-салон жуындыру, түгін тарау, тырнағын алу, құлағын, тісін тазалау сияқты қызмет түрлерін  ұсынады.

Груминг-салонның басты мақсаты – үй жануарларының денсаулығын сақтау, олардың сыртқы келбетін жақсарту.

 

 

Үй жануарларына күтім жасау оларды тамақтандырумен ғана шектелмейді.  Үй жануарларының жүніне, терісіне, тырнағына, көзіне және құлағына күтім жасау – груминг  деп аталатын процедуралар жиынтығы.

 

 

«Жалпы, үй жануарларына кәсіби күтім жасау  орта ғасырларда қалыптаса бастаған. Бір қарағанда жай ғана нәрсе көрінгенімен, жануарлардың жүнін тараудың өзі терісіне жасалған массаж болып, ол өз кезегінде қан айналысын жақсартады. Қан айналысы жақсарғанда жасушалар да тез  жаңарып отырады. Мұнда шеберлер гигиенаға арналған арнайы құралдар мен арнайы косметикаларды пайдаланады. Мұндай күтім жасау жұмыстары үй жануарларының түрлі ауруларға шалдығуының  алдын алады»- дейді Агротехнопарк директоры Шыңғыс Сүлейменов.

 

 

Бұл іс-шараны  жануарлар күтіміне жауапкершілікпен қарап,  қамқорлық жасау мәдениетін насихаттаудың маңызды қадамы деуге болады.

 

 

Салонның ашылуы барысында тұрғындар үй жануарлары күтімі бойынша гигиеналық шеберлік сабағына  қатысып,   мысық, ит және ұсақ кеміргіштер т.б. әртүрлі жануарларды күтуге қатысты практикалық кеңес алды.