Ғылым апталығы барысында Бизнес жоғары мектебінде Семей қаласының орта білім беретін мектептерінің 10-11 сынып оқушылары арасында қаржылық сауаттылық негіздері бойынша қалалық олимпиада өткізілді. Олимпиадада Семей қаласы мектептерінен 15 команда бақ сынады.
Олимпиаданың бірінші кезеңінде оқушылар қаржылық сауаттылықтың негізгі аспектілері бойынша тест тапсырды. Тест сұрақтары қаржы жоспарлау, инвестициялау, бюджетті басқару, несие және борыш туралы түсініктерді қамтыды. Тест нәтижелері бойынша ең жоғары балл жинаған қатысушылар екінші кезеңге өтті.
Екінші кезеңде «Жеке капиталды құру» ойыны өткізілді. Бұл ойын барысында оқушыларға түрлі сценарийлер ұсынылды, мысалы, бизнес жоба жасау, қаржылық мақсаттар қою және оларды жүзеге асыру жолдары. Ойынның мақсаты — оқушылардың қаржылық шешім қабылдау қабілеттерін дамыту, командада жұмыс істей білу және ой ұшқырлығы дағдыларын шыңдау.
Екі кезеңнің қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталып, олар университет ректорының дипломдары және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Сонымен, 1 орынды № 45 мектептің «Зейінді төрттік» командасы, 2 орынды Семей қаласы экономикалық лицейінің Activity және № 50 мектеп-лицейінің «Жас қыран» командалары бөліссе, 3 орын № 44 мектептің «ФинСмарт», Шәкәрім атындағы көпбейінді № 5 гимназиясының «Доллар» және № 51мектептің IQON командаларына бұйырды. Командаларды дайындаған жетекшілері де Алғыс хаттармен марапатталды.
Мұндай сайыстар оқушылардың қаржылық білімін арттыруға және болашақта табысты қаржылық шешімдер қабылдай білуіне септігін тигізетіні анық.



