Биыл Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл. Осы ретте оқырмандарымызға ұлы ойшылдың кітабын Солтүстік Американың ең биік шыңы Дэналиға алып шыққан жерлесіміз Индира Уивер (Сахаулова) жайлы аз-кем ақпарат ұсынбақпыз.
46 жастағы Индира Ұлыбританияда тұрады, екі баланың анасы.
Абай облысының Бесқарағай ауданындағы Сосновка ауылында дүниеге келген Индира – Солтүстік Американың ең биік шыңы Дэналиға шыққан бірінші этникалық қазақ әйел.
Өткен жылы биіктігі 6194 метр болатын шыңды бағындырған жерлесіміз шың басына Қазақстанның Туын, суретші Кәріпбек Күйіковтің салған суретін және Абай Құнанбайұлының «Қара сөздерін» алып шыққан.

Индираның мақсаты – жеке жетістіктерін арттыру ғана емес, сонымен қатар, Семей ядролық сынақ полигонының салдары туралы хабардар ету. Полигоннан 130 шақырым қашықтағы ауылда туып-өскен ол суретші жерлесіміз Кәріпбек Күйіковпен бірге ядролық сынақтардың жергілікті халық пен экожүйеге тигізген әсеріне әлем жұртшылығының назарын аударуға тырысып жүр.
Олар алдағы уақытта Семейде мүмкіндігі шектеулі балалар мен ересектерге арналған сенсорлық орталық құруды көздейді. Сонымен қатар, радиациядан туындаған генетикалық мутациялармен байланысты туа біткен физикалық және неврологиялық ақаулары бар балаларға қамқорлық жасайтын Семейдегі балалар үйіне арналған GoFundMe америкалық коммерциялық краудфандинг платформасының белсенді мүшесі.
Альпинист жерлесіміз бұған дейін Тубкаль (4 167 м), Монблан (4 805 м), Килиманджаро (5 895 м), Эльбрус (5 642 м) және Аконкагуа (6 962 м) шыңдарын бағындырған. Оның әр құрлықтың ең биік шыңына көтерілуді мақсат еткен "Жеті шың" жобасын аяқтауы үшін енді Карстенс пирамидасы (Австралия), Винсон (Антарктида) және Эверест (Азия) шыңдары қалды.
Индира 2023 жылы Аконкагуа тауына да Абайдың "Қара сөздері" мен Кәріпбек Күйіковтің суретін алып шыққан болатын.
Дереккөз: qazinform.com