Еліміздің батысындағы ботаникалық бақтан әкелінген сирек ағаштар енді Абай облысының орталығында өсіріледі.
Бүгін Шәкәрім университеті мен ҚР Ғылым және Жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің «Маңғышлақ тәжірибелік ботаникалық бағы» мекемесі ғылыми-техникалық әріптестік жөніндегі келісімге қол қойды.
Университет аумағын студенттер мен қала тұрғындары үшін тартымды демалыс орнына айналдыруды мақсат еткен ландшафтық дизайн жобасы аясындағы келісім барысында Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков ұжымға еліміздің сонау батысынан арнайы келген Маңғышлақ тәжірибелік ботаникалық бағының бас директоры, биология ғылымдарының кандидаты Ақжүніс Иманбаеваны таныстырып, шөлейтті аймақты жасыл желекке бөлеп, өсімдіктің 1500-ден астам түрін жерсіндіріп отырған білікті маманның жетекшілігімен университет аумағында сирек өсімдіктерді өсіру бойынша тәжірибелік алаң құрылатындығын атап өтті.
Ғылыми зерттеу нәтижелеріне сүйену арқылы нақты нәтижеге қол жеткізуге болатынын өз ісімен дәлелдеп келе жатқан ғалым Ақжүніс Алтайқызы:
«Қоршаған орта өсімдікпен тікелей байланысты. Антропогендік факторлардың қоршаған ортаға әсерінен климат өзгеріп жатыр. Президенттің 2026 жылға дейін орманға екі миллиардтан аса ағаш егу және елді мекендерде 15 миллионнан астам ағаш отырғызу жөніндегі бастамасына үлес қосу ниетімен Думан Рымғалиұлы да Шәкәрім университеттің айналасын түрлі мәдени өсімдіктермен абаттандыруға ұсыныс жасаған болатын. Думан Рымғалиұлының сол сөзін жерге тастамай, бірқатар өсімдіктерді осы Семей өңіріне жерсіндіру мақсатында алып келдік» -деді өз сөзінде.
Сонымен, батыстың ботаникалық бағынан әкелінген: биік айлан, қарамала (гледичия трехколючковая), қызғылт-сары маклюра, Семенов үйеңкісі, Гиннала үйеңкісі, соғды шағаны (ясень согдийский), шығыс биотасы, кәдімгі емен мен тұт ағашының көшеттері университет бас ғимаратының ауласына егілді.
Қол жеткен жетістікті қанағат етіп бір орында тоқтап қалмай, тиянақты тәжірибелерде тәуекелге бел буып, жұмысты халық игілігіне бағыттағанда ғана заман талабының биігінен көрінуге болады. Шәкәрім университеті осылайша тек ғылыми зерттеулер мен білім алуға ғана емес, сонымен қатар, Абай облысының экологиясы мен табиғатын қорғау мәселелеріне де өз үлесін қосады.
Университеттің бұл бастамасы — тек білім мен ғылымның дамуы ғана емес, сонымен қатар, қоғамның экологиялық жауапкершілігін арттыру, табиғатқа деген сүйіспеншілікті қалыптастырудың маңызды қадамы.





